Жаңалықтар

ӨҢІРЛІК ЖУРНАЛИСТИКАНЫ ГРАНТТЫҚ БАҒДАРЛАМА АРҚЫЛЫ ДАМЫТУ

ӨҢІРЛІК ЖУРНАЛИСТИКАНЫ ГРАНТТЫҚ БАҒДАРЛАМА АРҚЫЛЫ ДАМЫТУ


«Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры 2024 жылдың 16 мамырынан бастап өңірлік журналистер мен блогерлерді оқытуға бағытталған медиатренерлерге арналған гранттарға өтінім қабылдауды бастады. Бағдарлама қатысушыларға оқытудың үш бағытының бірін таңдауға мүмкіндік береді: аналитикалық журналистика, медиаэтика, ақпаратты толық зерттеу және сыни көзқараспен ұсыну. Грант сомасы бес миллион теңгеге дейін.

Қордың бас директоры Әділет Әлімханов конкурстың мақсаты жергілікті БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен кәсіби журналистиканы дамыту екенін атап өтті. Осы бағытта қор Қазақстанның облыстарындағы журналистер мен блогерлерді оқыту үшін гранттар беру бойынша конкурс ұйымдастырды.

Өтінім беру және конкурсты жүзеге асырудың шарттары мынадай: өтінімді жеке және заңды тұлғалар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бере алады. Өтінім берген кезде қатысушылар бір бағыт пен бірнеше өңірді таңдай алады, алайда грантты алған жағдайда оқыту тек бір аймақта ғана жүргізіледі.

Медиатренерлер журналистер мен медиатұлғалар тобын өздері құрып, оның құрамы қормен келісіледі. Оқыту практикалық сабақтарға бағытталып, офлайн форматта өткізілуі тиіс. Оқыту қатысушылар тыңдаған курсқа сәйкес келетін медиажоба жасап шыққан кезде ғана аяқталады. Медиажоба кез келген формат пен жанрдағы жеке немесе топтық журналистік, блогерлік материалдар болуы тиіс.

Грант ережесі бойынша тренерлерге ақы төлеу қарастырылмайтынын ескеру қажет. Грантқа бөлінген қаражат өтінімде көрсетілген нақты мақсаттарға жұмсалады. Олар медиатренерлердің қызметтері үшін қаламақы төлеуге пайдаланылмайды. Гранттар тек жоба аясында белгілі бір мақсаттарға жету үшін қолданылады.

Грантқа қатысуға өтінімді бүгіннен бастап беруге болады, ол үшін қатысушының үш таңдалған бағыттарының бірі бойынша нақты оқу жоспары болуы керек. Гранттық бағдарламаға қатысуға өтінімдерді қабылдау 30 маусымға дейін https://mdq.kz сайтында жүргізілетінін еске саламыз.

Қосымша ақпарат: +7 775 807 3893 немесе grants.mdq@gmail.com