Жаңалықтар

Euronews Академиясының болашақ журналистерге арналған курсы аяқталды

Euronews Академиясының болашақ журналистерге арналған курсы аяқталды

Астана қаласында Euronews Академиясының білім беру бағдарламасы аясында студенттерге арналған «ТВ-журналистика» курсы өтті. Оқуға Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарынан 20-дан астам студент қатысты. Шетелдік медиа сарапшылардың қатысуымен өткен курста қатысушылар телевизиялық журналистиканың теориясы мен практикасын терең меңгерді.

Алғашқы дәрісті Euronews-тің Астанадағы бюро жетекшісі, тәжірибелі медиаменеджер Боян Бркич өткізсе, кейінгі күндері студенттер Серджио Кантоне сынды халықаралық тренерден сұхбат алу мен камера алдында жұмыс істеудің әдіс-тәсілдерін үйренді. Төрт күн ішінде студенттер жаңалық репортаждарын дайындап, камера алдында жүргізуші рөлінде шығып, тікелей эфир форматында жұмыс жасап көрді. Бұл тәжірибе олардың кәсіби сенімділігін арттырып, заманауи телевизиялық журналистикаға алғашқы нақты қадам жасауына мүмкіндік береді. Барлық қатысушыларға Euronews Академиясының арнайы сертификаттары табысталады.

«Цифрлық журналистика» бойынша екінші курс 14 сәуірде басталады. Алдағы апталарда студенттер диджитал-контент, жасанды интеллект құралдары, YouTube және әлеуметтік желі стратегиялары туралы тың білім алып, медиа саласындағы цифрлық трансформацияны меңгеретін болады.